Қазақстанда алғаш рет жүрекке роботталған ота жасалды
Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет жүрекке роботталған ота ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ауруханасында жасалды.
Ота Медициналық орталық Ауруханасының кардиохирургтары мен Қытай Халық Республикасынан келген мамандар тобының бірлесуімен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында жүргізілді.
Туа біткен жүрек ақауы – жүрекшелер аралық пердесінің ақауы бар 28 жастағы пациентке соңғы үлгідегі роботталған хирургиялық жүйені қолдана отырып ота жасалды. Ота минималды қолжетімділік арқылы, дәстүрлі стернотомиясыз орындалды.
Пациенттің жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Медициналық орталықтың мәліметінше, бұл ота жоғары технологиялық кардиохирургияны дамытуда және медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды кезең болды.
Конференция аясында халықаралық мамандардың консультациялары да өтті.
Мәскеуден келген медицина ғылымдарының докторы, кардиолог және функционалдық диагностика маманы Ольга Николаевна Джиоева аурухана кардиолог-дәрігерлерімен бірге пациенттерді қабылдады.
Сонымен қатар, Жапонияның Еыйдо қаласындағы Әулие Мария ауруханасының гематология бөлімінің меңгерушісі, профессор Jeon Yungwoo тоғыз пациентке консультация жүргізді.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада кардиохирургия, онкология, ядролық медицина, нейрохирургия, терапия, цифрландыру, фармацевтикалық реттеу, мейіргерлік іс, сондай-ақ медициналық көмектің сапасын басқару және лидерлік мәселелерін талқылауды қамтыған ірі Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аяқталды.
Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстанның жетекші клиникалары, ғылыми институттары мен университеттері, сондай-ақ он елден келген шетелдік сарапшылар қатысты.
Конференция тәжірибе алмасу және инновациялық медициналық әрі білім беру технологияларын ілгерілету алаңына айналды.
Жалпы шараларға онлайн және офлайн форматта төрт мыңға жуық адам қатысты. Сессиялардың тікелей көрсетілімдерін қарау саны төрт мыңнан асты.