2025 жылдың 24–26 сәуірі аралығында Астанада «HTA 2025.KZ» халықаралық конференциясы өтті. Іс-шара денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДСТБ) жүйесін стратегиялық жоспарлау мен денсаулық сақтау саласындағы ресурстарды тиімді бөлу құралы ретінде дамыту және енгізу мәселелеріне арналды.
HTACONFERENCE.kz мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы және бизнес өкілдері арасындағы диалогтың басты алаңына айналды. Қатысушылар заманауи ДСТБ тәсілдерін Орталық Азия елдерінің ұлттық денсаулық сақтау жүйелеріне интеграциялау перспективаларын талқылады. Денсаулық сақтау технологияларын бағалау – бұл медициналық технологиялардың өмірлік циклі кезеңдерінде олардың тиімділігін, қауіпсіздігін және экономикалық негізділігін айқындауға бағытталған кешенді көпсалалы процесс. Мұндай тәсіл медициналық көмектің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ететін негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Конференция барысында денсаулық сақтау, медициналық көмек көрсету, дәрілік қамтамасыз ету, медициналық бұйымдар мен препараттардың айналымын реттеу салаларында жұмыс істейтін мамандар саланың өзекті мәселелерін талқылап, практикалық мысалдар ұсынып, өңірде ДСТБ жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірледі.