2025 жылғы 25 сәуірде Астанада отандық және халықаралық денсаулық сақтау саласы үшін маңызды оқиға – Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) жаңа корпусының ашылуы өтті. Ашылу салтанаты аясында Astana Tourism қолдауымен 30-дан астам елдің сарапшылары мен дәрігерлерінің қатысуымен конференция ұйымдастырылды. Іс-шара барысында диагностика мен емдеудің заманауи әдістері, денсаулық сақтаудағы цифрландыру, трансляциялық зерттеулер және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Конференция мен жаңа орталықтың іске қосылуы медициналық туризмді дамыту мен Астананың Орталық Азиядағы жетекші медициналық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші онкологтар мен зерттеушілерді, салалық мамандарды біріктіріп, онкологиялық аурулармен күрес бойынша тәжірибе алмасу және ортақ тәсілдер әзірлеу алаңына айналды. Ашылу рәсіміне Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова, Мемлекет басшысының ғылым мен инновациялар жөніндегі кеңесшісі Қансұлу Закария, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
ҰҒОО-ның жаңа корпусы заманауи инженерлік және медициналық шешімдердің үлгісі болды. Орталықтың жалпы аумағы 60 000 шаршы метрді құрайды, 210 төсекке есептелген және күніне 500 пациентті қабылдай алатын емхананы қамтиды. Орталық Varian, Philips және Siemens сияқты әлемдік өндірушілердің жоғары технологиялық жабдықтарымен жабдықталған. Мұнда Varian ProBeam протондық терапиясы, ПЭТ/МРТ және ПЭТ/КТ гибридті бейнелеу жүйелері, EDGE, TrueBeam STx, Ethos, BRAVOS сияқты сәулелік терапия жүйелері және радионуклидтік терапияның бірегей әдістері енгізілген. Орталық құрылымында сегіз мамандандырылған палата және 11 атаудағы радиофармацевтикалық препарат шығара алатын циклотронды-өндірістік кешен бар, оның 7-сі Қазақстанда алғаш рет синтезделмек.
Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, жоба Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылды және медицина қауымдастығы мен халықаралық серіктестердің үйлесімді жұмысының нәтижесі болды. Орталық радиологиялық көмекке мұқтаж пациенттердің 70%-на дейін қамтуға мүмкіндік береді және МАГАТЭ ұсынымдары мен халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. ҰҒОО-да балалар онкологиясына және жекелендірілген емдеу әдістерін дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің салтанатты рәсімде оқылған құттықтау сөзінде денсаулық сақтау саласының мемлекет үшін басым бағыт екені атап өтілді. 2024 жылы сала дамуына 3,3 трлн теңге бөлініп, соңғы алты жылда 955 медициналық нысан, соның ішінде ҰҒОО-ның жаңа корпусы салынды. Скринингтік бағдарламаларды кеңейту нәтижесінде өткен жылы 2,5 миллион адам тексеруден өтіп, өмір сүру ұзақтығы 73 жылдан 75 жылға дейін артты.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстан онкология саласындағы жаһандық үрдістерге ілесіп, ядролық және протондық терапияны, молекулалық-генетикалық диагностика мен жасанды интеллектті, мультидисциплинарлық тәсілдерді белсенді енгізіп келеді. Онкологиялық аурулардың ауқымы күш біріктіру мен халықаралық деңгейде білім алмасуды қажет етеді. Астанадағы жаңа онкологиялық орталық тек клиникалық және ғылыми мекеме ғана емес, сонымен қатар үздік тәжірибелер мен технологияларды тоғыстыратын, кәсіби өсуге мүмкіндік беретін орталыққа айналады.
Халықаралық конференция 26 сәуірде жалғасады және әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандарға өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе бөлісуге және онкологиялық аурулармен күрестегі бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.