Қаз
Лого VisitAstana
Астанадағы медициналық туризмнің танымал бағыттары аталды
04.07.2023

Шетелдіктер елордадағы дәрігерлерге денсаулығының қандай мәселелерімен жиі жүгінеді? Бұл сұраққа «Астананың 25 жылдығы: Астана – болашақ қаласы» атты бауырлас қалалар әкімдерінің форумы аясында Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец жауап берді.

«Бүгінгі таңда шетелдік спикерлердің барлығы дерлік өз отандастарымыз үшін еліміздің медициналық туризм картасында мықты орын алатынын атап өтті. Егер Астана туралы айтатын болсақ, онда бұл кардиохирургия, нейрохирургия, балаларды оңалту, репродуктивті медицина және ортопедия кластері. Біз білетіндей, бұл ең күшті бағыттар. Сонымен қатар, стоматология және пластикалық хирургия сияқты мемлекеттік секторға қатысы жоқ қызметтерді де қосуға болады», - деді Кристина Кривец «Медициналық туризм» панельдік сессиясында.

Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстанға медициналық қызмет көрсету үшін негізінен Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін болса, бүгінде Ресейден емделушілер ағыны артқан.

«Көрші елдің тұрғындарын қызмет көрсету сапасы, қолжетімді баға және тілдік кедергінің жоқтығы қызықтырады. Астанаға ТМД елдерінен келген туристерден бөлек, Швейцария, АҚШ, Австралия, БАӘ және Африка елдерінің азаматтары келеді. Олар қазақстандық тіс дәрігерлері мен репродуктивті медицина орталықтарының қызметіне қызығушылық танытуда», - деп толықтырды сарапшы.

Панельдік сессияда Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Израиль елдерінің өкілдері де баяндама жасады. Баяндамашылардың жалпы пікірінше, қазақстандық емханалар халықаралық стандарттарға құжатпен сәйкестігі және қызмет көрсету бағасының қолжетімділігі арқасында шетелдіктерді тартады.