Астана қаласының №1 көпсалалы қалалық ауруханасының кардиохирургтары ашық жүрекке алғашқы операцияны сәтті орындады.
Бұл оқиға жаңа кардиохирургиялық бөлімшенің ресми жұмысын бастағанын білдіреді. Оның ашылуы бүкіл республика үшін стратегиялық маңызға ие.
Кардиохирургиялық патология Қазақстан халқы арасындағы өлім-жітім мен мүгедектік құрылымында жетекші орындардың бірін алады. Жүрек-қан тамырлары аурулары, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруы, қақпақша ақаулары, инфекциялық эндокардиттер және аортаның аневризмалары уақтылы әрі жоғары технологиялық емді қажет етеді.
Енді мұнда елорда тұрғындары және еліміздің басқа өңірлерінен келген науқастар жүректің ишемиялық ауруының жедел және созылмалы түрлерінде жоғары технологиялық мамандандырылған жоспарлы және шұғыл кардиохирургиялық көмек ала алады. Бұл аортокоронарлық шунттау, жүрек қақпақшаларының туа біткен және жүре пайда болған ақауларында реконструкциялық және протездеу операцияларын жүргізу, инфекциялық эндокардитті қазіргі заманғы хирургиялық санация және қақпақша алмастыру әдістері арқылы емдеу және басқа да араласуларды қамтиды.
Астана — халқы үнемі өсіп келе жатқан астана мегаполисі ретінде, заманауи кардиохирургиялық орталықтың болуын қажет етеді. Мұндай орталық тек қала тұрғындарына ғана емес, бүкіл республика бойынша шұғыл жағдайдағы науқастарға да жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда республикалық мамандандырылған орталықтардың қолданыстағы қуаттары шамадан тыс жүктелген, бұл өмірлік маңызы бар көмекті көрсетуде кідірістерге әкелуі мүмкін.
Кардиохирургиялық бөлімшенің ашылуы нәтижесінде уақтылы АКШ жүргізу есебінен күрделі түрдегі ИБА мен жедел коронарлық синдромнан өлім-жітімнің төмендеуі, жүрек қақпақшаларының ақауы бар науқастардың өмір сүру сапасының жақсаруы, сондай-ақ инфекциялық эндокардит кезінде жылдам диагностикалау мен ерте хирургиялық емдеу хаттамаларын енгізу арқылы өлім-жітімнің азаюы күтіледі.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1013416?lang=ru