Мемлекет басшысы қонақтарды қарсы алып, мұндай беделді форумның Қазақстанда өтуі – отандық нейрохирургияның жетістіктерінің жоғары деңгейде мойындалғанының айғағы екенін атап өтті. Ол Конгресс нейрохирургия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, озық тәжірибе мен технологиялар алмасуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
«Ұлттың денсаулығы – кез келген елдің ілгерілеуінің негізі. Сондықтан денсаулық сақтау саласын жан-жақты дамыту – мемлекеттік саясатымыздың басты басымдықтарының бірі. Қазақстан медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, мамандарды даярлауға, процестерді цифрландыруға және осы салаға инновациялық әзірлемелерді енгізуге айтарлықтай қаражат жұмсап келеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда медицинаның жоғары технологиялық бағыттары белсенді дамып келе жатқанын, соның ішінде нейрохирургия саласында жасанды интеллектіні қолдануға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Ол елімізде нейроғылымның цифрлық және роботтандырылған технологияларды енгізу арқылы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Сонымен қатар, Президент қатысушылардың әлемдік медицина дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Сіздердің әрқайсыңыз – мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған жоғары деңгейлі мамансыздар. Барлығыңызды біріктіретін ортақ игілікті миссия бар – ең күрделі жағдайларда да адамдарға сауығуға мүмкіндік сыйлау. Сіздердің осында келулеріңіз және нейрохирургтар конгресінің Астанада өтуі медицинаның шекарасыз екенін тағы бір рет дәлелдеп отыр. Нейрохирургия – ғылым мен инновация ерекше маңызға ие сала», – деді Мемлекет басшысы.
Глава государства сондай-ақ Қазақстанның тәжірибе алмасу мен медициналық технологияларды трансферттеу бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
«Біз медициналық туризмді дамытуда зор әлеует көріп отырмыз, әсіресе нейрохирургия сияқты жоғары технологиялық салаларда. Осы бағытта тұрақты трансшекаралық байланыстар орнатуға дайынбыз», – деді Президент.
Өз кезегінде форум қатысушылары Қазақстанның нейрохирургия саласын дамытудағы мүмкіндіктерін жоғары бағалап, мамандарды даярлау мен озық технологиялар алмасу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтарға мазмұнды және нәтижелі әңгіме үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министріне нейрохирургия мен жалпы медицина саласына заманауи технологияларды енгізу жөніндегі жұмысты жандандыруды, сондай-ақ Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшұлақовтың шетел азаматтарын Қазақстанда емдеу мәселелері бойынша көрші елдермен үкіметаралық келісімдер жасау жөніндегі ұсыныстарын пысықтауды тапсырды.
Дереккөз: tengrinews.kz