Қаз
Лого VisitAstana
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЕҚҚДБ МЕН ДДСҰ ҚОЛДАУЫМЕН АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОЛДАУ БОЙЫНША ІС-ШАРАЛАР КЕШЕНІН ІСКЕ АСЫРУДА.
02.06.2025
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЕҚҚДБ МЕН ДДСҰ ҚОЛДАУЫМЕН АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОЛДАУ БОЙЫНША ІС-ШАРАЛАР КЕШЕНІН ІСКЕ АСЫРУДА.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен ана мен бала денсаулығын қолдауға бағытталған кешенді шараларды іске асыруда.

Босандыру, балалық және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарының медицина қызметкерлері емшекпен қоректендіру негіздері бойынша оқудан өтеді, сондай-ақ ЕТДҚ қолдауымен медициналық ұйымдар «Балаға мейірімді аурухана» мәртебесіне сәйкестігін бағалау рәсімінен өтеді.

«Ана мен бала денсаулығын қорғау» ұлттық бағдарламасы аясында, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) қолдауымен және ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің сараптамалық көмегімен балалар мен аналардың денсаулығын нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың жаңа кезеңін бастады.

Бағдарламаның мақсаты – ана мен балаға медициналық көмектің сапасын арттыру, медицина қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру және емшекпен қоректендіруді қолдаудың халықаралық стандарттарын енгізу. Бұл стандарттар ДДСҰ мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) жүргізген көптеген зерттеулермен расталған және медициналық ұйымдарда уақтылы әрі үздіксіз емшекпен қоректендіруге жағдай жасауға бағытталған.

Жоба аясында Қазақстанның барлық өңірлерінен 400 медицина қызметкерін (дәрігерлер, акушерлер, мейірбикелер) оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда. Олар жүкті әйелдерге, аналарға және ерте жастағы балаларға босандыру мекемелерінде және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, ДДСҰ/ЮНИСЕФ ұсынымдарына сәйкес 50 медициналық ұйымды «Балаға мейірімді аурухана» (БМА) мәртебесіне сәйкестігіне бағалау жоспарланып отыр.

Бағдарлама шеңберінде кешенді шараларды іске асыру екі жылға созылады және ол Астана медицина университетінің неонатология кафедрасы базасында жүзеге асырылады.

«Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдау – ЕТДҚ қызметінің басты басымдықтарының бірі. Біз аналар мен балалардың денсаулығына салынған инвестициялар денсаулық сақтау жүйесінің және қоғамның орнықты дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Серіктестерімізбен бірге өмір сапасын жақсарту үшін үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге ұмтыламыз», – деді ЕТДҚ Инфрақұрылымдық және әлеуметтік қаржыландыру департаментінің директоры Армен Погосян.

«Емшекпен қоректендіру – бұл нәрестені тамақтандырудың табиғи тәсілі ғана емес, оның денсаулығы мен толыққанды дамуының негізгі іргетасы. Ол инфекциялардың қаупін төмендетеді, иммунитетті күшейтеді және ана мен баланың арасындағы тығыз байланысты қалыптастырады. Емшекпен қоректендіруді қолдау – біздің басымдық, әрі медициналық жүйе деңгейінде, әрі мемлекеттік денсаулық сақтау саясаты аясында», — деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

«Аналар мен балалардың денсаулығын жақсарту – бұл адам құқықтарына негізделген және әмбебап медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған ДДСҰ-ның негізгі басымдықтарының бірі. ДДСҰ денсаулық сақтау жүйесін жоспарлау кезінде әйелдердің құндылықтары мен таңдаулары көмек көрсету орталығында болуы тиіс деп есептейді. Әйелдердің, отбасылардың, қауымдастықтардың және медицина қызметкерлерінің шынайы қатысуы мен құқықтарын кеңейту – медициналық көмектің сапасын арттыру бастамаларының ажырамас бөлігі», – деді ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла.

Анықтама үшін:

«Балаға мейірімді аурухана» мәртебесі – бұл ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық бастамасы, оның мақсаты – аналар мен жаңа туған нәрестелерге күтім жасау және емшекпен қоректендіруді қолдау үшін қолайлы жағдай жасау арқылы медициналық ұйымдардағы қызмет сапасын жақсарту. Бұл мәртебе тиісті ұлттық комиссияның бағалауы мен сертификаттауынан кейін беріледі және медициналық қызметтердің жоғары сапасын, сондай-ақ аналар мен балаларға кәсіби қолдау көрсетуді растайды.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) – 2009 жылы Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы құрған аймақтық қаржы тетігі. Қордың көлемі 9 миллиард АҚШ долларынан асады. Оның негізгі мақсаты – қатысушы мемлекеттердегі экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қолдау, сондай-ақ олардың орнықты дамуына жәрдемдесу.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттігі, ол мемлекеттерді, серіктестер мен халықты біріктіріп, жаһандық денсаулықты нығайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және осал топтарға көмек көрсету бағытында жұмыс істейді. ДДСҰ жаһандық денсаулық сақтау саласында көшбасшылықты қамтамасыз етеді, ғылыми зерттеулердің күн тәртібін қалыптастырады, нормалар мен стандарттарды белгілейді, дәлелдерге негізделген саясат нұсқаларын әзірлейді, елдерге техникалық қолдау көрсетеді, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы үрдістерді мониторингілейді және бағалайды.